EXPO-2017 көрмесі – Қазақстанның әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік

     Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан былтырдан бері 166 жылдық тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығы үшін күресіп келеді. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ таңдап алынбаса керек. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес, әрине. Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі болып табылады. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.


EXPO-2017 көрмесі туралы виртуалды мәліметтерді тамашалауға шақырамыз